
Аударма теориясы мен практикасы кафедрасы Хасан Исраилмен кездесу ұйымдастырды











2026 жылғы 10 сәуірде «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының докторанттары белгілі қазақстандық сурдоаудармашы Хасан Исраилмен кездесу өткізді.
Хасан Исраил — «Хабар» және «24KZ» ақпарат агенттіктерінің сарапшысы, жаңалықтар мен мәдени бағдарламаларда жұмыс істейтін кәсіби ымдау тілі аудармашысы. Сонымен қатар, ол есту қабілеті бұзылған адамдардың құқықтарын қорғаушы және қоғамда қолжетімді коммуникацияны дамыту идеясын белсенді түрде насихаттаушы.
Кездесу барысында спикер Қазақстандағы ымдау тілін дамыту мәселелерін көтеріп, оған ресми мәртебе беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, ымдау тілі — жай ғана ишаралар жүйесі емес, өзіндік құрылымы мен мәдени ерекшеліктері бар толыққанды қарым-қатынас тілі. Ол сондай-ақ ымдау тілі мен сурдоаудармашылар еңбегі құрметке, мойындауға және жан-жақты мемлекеттік қолдауға лайық екенін ерекше атап өтті.
Қонақ өз тәжірибесімен бөлісіп, медиасаладағы аударманың ерекшеліктері туралы айтып өтті. Сонымен қатар, ол сурдоаударманың қазіргі қоғамда сұранысқа ие әрі әлеуметтік маңызы зор аударма қызметінің бағыты екенін атап өтті. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, докторанттардың үлкен қызығушылығын тудырып, олардың кәсіби көкжиегін кеңейтуге ықпал етті.
