
Филология факультетінде әдістемелік семинар өтті







2026 жылы 8 сәуірде факультет бойынша Ғылым онкүндігі және педагогикалық шеберлік мектебі жұмысы аясында практикалық қазақ тілі кафедрасының доценттері Ш.Қ.Исақұлова, А.Қ.Нұрмаханбетова және аға оқытушы Ә.Т.Қожаева «Қазақ тілін оқытуда жасанды интеллект платформаларын тиімді қолдану» тақырыбында әдістемелік семинарда баяндама жасады. Іс-шараға филология факультеті деканының орынбасарлары, педагогикалық шеберлік мектебінің мүшелері, практикалық қазақ тілі кафедрасының оқытушылары қатысты.
Кафедра меңгерушісі Құлманов Қуандық Сәндібекұлы кіріспе сөзінде қазіргі қоғамда адамның өмірі компьютер, интернет және жаңа цифрлық технологиялармен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллекттің білім беру саласындағы маңызына ерекше тоқталды. Филология факультетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі декан орынбасары Қасбаева Гүлназ Серікқызы да өз кезегінде сөз алып семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Баяндамашы А.Қ.Нұрмаханбетова өз сөзінде заманауи цифрлық ғылымдағы жасанды интеллекттің рөлі мен өзектілігін кеңінен түсіндіріп, отандық ЖИ өнімдері туралы мәлімет берді. Ал Ә.Т.Қожаева әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект түрлеріне шолу жасап, платформалар мүмкіндіктерін таныстырды. Ш.Қ.Исақұлова тілдік дағдыларды (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) кешенді түрде дамытуға мүмкіндік беретін жасанды интеллект құралдарын тәжірибе жүзінде көрсетіп, олардың қазақ тілін оқытудағы тиімділігін нақты мысалдар арқылы дәлелдеді. Атап айтқанда, баяндамашылар ЖИ технологияларының қазақ тілін үйретуде бірқатар артықшылықтары бар екенін көрсетті.
Тыңдаушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тақырып жан-жақты талқыланды.
Әдістемелік семинардың соңында деканның академиялық мәселелер жөніндегі орынбасары Акишева Айсұлу Кеңесқызы сөз алып, Жасанды интеллект (ЖИ) соңғы жылдары білім беру жүйесінің барлық деңгейінде өзекті екеніне тоқталып, баяндамашыларға алғыстарын білдірді.
