
«Архивпен жұмыс: таным мен тәжірибе» тақырыбында тәжірибелік семинар өтті

























Филология факультетінің Педагогикалық шеберлік мектебі аясында Қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 19 ақпанда «Архивпен жұмыс: таным мен тәжірибе» тақырыбында тәжірибелік семинар өтті. Семинар спикері – филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Кемеңгер Қайырбек Ризабекұлы.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас зерттеушілер мен білім алушыларға архив материалдарымен жұмыс істеудің ғылыми-тәжірибелік қырларын таныстыру, дереккөздерді іздеу, сараптау және ғылыми айналымға енгізу тәжірибесімен бөлісу болды. Семинар барысында спикер архив құжаттарының әдебиеттану ғылымындағы маңызына тоқталып, ғылыми зерттеу жүргізудегі жеке тәжірибесін нақты мысалдар арқылы көрсетті.
Кездесу барысында Кемеңгер Қайырбек Ризабекұлы Омбы қаласындағы архив қорларымен жүргізген зерттеу жұмыстары туралы кеңінен баяндап, архив материалдарын табу, сұрыптау және ғылыми тұрғыда пайдалану жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар Ресей, Әзербайжан елдеріндегі, Омбы, Қазан және Мәскеу архивтерінде жүргізілген ғылыми ізденістері негізінде жинақталған құжаттар мен сирек деректер таныстырылды.
Семинарда Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты архивтік деректерге ерекше назар аударылып, бұрын ғылыми айналымға толық енбеген құжаттар туралы маңызды мағлұматтар ұсынылды. Архив материалдары арқылы ұлттық тарих пен әдеби мұраны зерттеудің жаңа қырлары көрсетіліп, дереккөздермен жұмыс істеудің кәсіби мәдениеті талқыланды.
Іс-шараға факультеттің докторанттары мен магистранттары, жас ғалымдар мен кафедра оқытушылары қатысып, өзекті ғылыми мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Қатысушылар тәжірибелік кеңестер алып, архивтік зерттеулердің заманауи әдістерімен танысты.
Педагогикалық шеберлік мектебі аясында өткен семинар теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, білім алушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға, ғылыми ізденіске қызығушылығын арттыруға және тәжірибе алмасу мәдениетін нығайтуға ықпал етті.
